Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісі өткізілді. Мәжіліске облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов, атқару комитетінің мүшелері, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, кәсіподақ активі мен облыстық кәсіподақ комитеті аппаратының қызметкерлері қатысты.
Мәжілісті облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бахыт Еркінбек ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде Сарыағаш пен Қазығұрт аудандық кәсіподақ комитеті әлеуметтік әріптестік аясында атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Облыстық кәсіподақ комитетінің 2026 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспары таныстырылды. Сондай-ақ, аудандық, қалалық білім бөлімдері мен аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттері арасында өткен «Үздік әлеуметтік әріптестер» байқауы қорытындыланды.
Әлеуметтік әріптестікті дамытуға ықпал ететін байқауға байланысты Сарыағаш пен Қазығұрт аудандық кәсіподақ комитеті бірқатар жұмыстар атқарған. Келісімдердің орындалу барысы тұрақты комиссияларда қаралған, аудандық білім бөлімдерімен бірлесіп атқарылатын шаралар пысықталып, жұмыстар жүргізілген. Олардың қатарында мәдени-көпшілік іс-шаралар, спорт түрлерінен аймақтық жарыстар, семинарлар және тағы да басқа жоспарға сәйкес жұмыстар легі бар.
Мәселені талқылауға облыстық кәсіподақ комитетінің кеңесшісі Әкімбай Тастанбеков, Ордабасы, Жетісай аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Қайрат Тулебаев пен Мұхамеджан Спарханов ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстар айтты. Қаралған мәселе бойынша қаулы қабылданды.
Облыстық кәсіподақ комитетінің 2026 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспары туралы бөлім басшысы Ғабит Ақбердиев өз хабарламасында жоспарға толық талдау жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Бұл жоспардың кәсіподақ қозғалысы үшін маңыздылығы мен ерекшеліктеріне тоқталды. Аталған мәселе бойынша жоспарға қосымша өзгерістер енгізуге қатысушылар пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында, облыстық «Үздік әлеуметтік әріптестер» байқауының нәтижелері жарияланды. Жыл көлемінде өткен байқауға барлық аудандық білім бөлімдері мен кәсіподақ комитеттері белсенді қатысып, сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтарын қорғау бойынша атқарған жұмыстарын көрсетті.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Қалдыкөзұлы әлеуметтік әріптестіктің аясында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстарды жүйелі түрде бірлесе атқару керектігін алға тартты.
Байқау нәтижесінде:
І орын – Ордабасы ауданының білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитеті;
ІІ орын – Келес, Мақтаарал ауданының білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитеті;
ІІІ орын – Жетісай, Шардара, Түлкібас ауданының білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитеті.
Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы жеңімпаздарды бірлескен диплом, Құрмет грамотасы және қаржылай сыйлықтармен марапаттап, алдағы уақытта кәсіподақ қозғалысын ілгерілету жөніндегі жұмыстарына табыс тіледі.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.























