2025 жылғы 29 қазанда «ADAL» Федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігі Алқасының отырысы өтті. Отырыс жұмысына Алқаның 7 мүшесі қатысты. Жиында Федерация қызметінің 2026 жылға арналған негізгі мәселелері қаралды.
1. Әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту
Алқа Федерацияның әлеуметтік сұхбат жүйесіне қатысуын күшейтуге бағытталған шараларды мақұлдады. Келесі мәселелер бойынша шешімдер қабылданды:
- Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның құрамына кіруге дайындық;
- Салалық кәсіподақтардың ұжымдық келіссөздерге қатысуын жандандыру;
- Ұжымдық келіссөздер мәселелері жөніндегі ішкі жұмыс тобын құру;
- Еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау.
Сондай-ақ, Қазақстанның 10 өңірінде кәсіподақтардың аумақтық ұйымдарын ашу, сонымен қатар қызмет көрсету саласы кәсіподақтарын қосу есебінен Федерацияның салалық құрылымын кеңейту туралы шешім қабылданды.
2. 2026 жылға арналған қаржы саясаты
Бас есепші ашықтық, тиімділік және қаражатты мақсатты пайдалану қағидаттарын ескере отырып дайындалған қаржы саясатының жобасын ұсынды. Бюджетті қалыптастыру көздері мен қаржыландырудың басым бағыттары, соның ішінде ұйымдастырушылық қызмет, кәсіподақ кадрларын оқыту, ақпараттық саясатты дамыту және халықаралық ынтымақтастық мәселелері айқындалды.
Алқа тиісті шешімдер қабылдап, мүше ұйымдарға қаржылық көмек көрсету ережелерін бекітті.
3. Ақпараттық саясатты жүзеге асыру
Бас хатшының орынбасары Федерацияның ақпараттық саясатын жүзеге асыру барысы туралы ақпарат ұсынды. Ресми сайттың техникалық іске қосылғаны және оны мазмұндық толықтыру жұмыстарының жүргізіліп жатқаны туралы хабарланды. Алқа сайттың контентін қалыптастыру аяқталғаннан кейін әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларды іске қосу туралы шешім қабылдады.
4. 2025–2026 жылдарға арналған жұмыс жоспары
Алқаға «ADAL» Федерациясының 2025–2026 жылдарға арналған жұмыс жоспарының жобасы ұсынылып, мақұлданды. Жоспар сегіз негізгі бағытты қамтиды: ұйымдастырушылық қызмет, құқық қорғау жұмысы, әлеуметтік-экономикалық әріптестік, қаржы-экономикалық қызмет, ақпараттық саясат, халықаралық ынтымақтастық, жастармен және әлеуметтік топтармен жұмыс, сондай-ақ бақылау және есеп беру жүйесі.
Күн тәртібіндегі барлық шешімдер бірауыздан қабылданды. «ADAL» Федерациясы кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамытуға және әлеуметтік әріптестік институтын нығайтуға бағытталған бекітілген міндеттер мен іс-шараларды жүзеге асыруға дайындықты бастайды.


